Атырау облысы Жаңаталап ауылындағы «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында ерекше тарихи сәт орын алды. Мұнда алғаш рет «Жас шекарашыларды» қатарға қабылдау рәсімі өткізіліп, оқушыларға жас шекарашы куәліктері табысталды.

Бұл ұйым – тек тәртіп пен әскери дайындыққа үйрететін бірлестік қана емес, ол жас буынның Отанға деген сүйіспеншілігін, ерлік пен жауапкершілікке деген құлшынысын арттыратын рухани орта. Қатарға қабылданғандардың арасында 7 «г» сыныбының 20 оқушысы және 11-сынып оқушылары Ұзаққайыр Мақсат, Карим Радмир мен Қуандықұлы Амандық бар.
Салтанатты рәсімге ҚР ҰҚК ШҚ Атырау облысы бойынша департамент бастығы, полковник Дулат Есенжаров, застава төрағасы, капитан Берік Салимбаев, қоғам қайраткері Разия Тасмагамбетова және Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімі командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары, майор Бақтияр Темірбекұлы арнайы қатысып, жас өрендерге ақ жол тіледі.