Атырау қаласындағы Самал шағынауданында орналасқан №14 тұйық көшеге Шалқар Ақымғалиевтің есімі берілмек. Бұл шешім қала көшелерін қайта атау жұмыстары аясында қабылданды.
Шалқар 2019 жылғы 21 наурызда қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапты. Ол көпірден секіріп кеткен қызды құтқару үшін Жайықтың мұздай суына еш ойланбастан секірген. Қатты ағыс оның жағаға шығуына мүмкіндік бермеді, ал әріптесі қызды аман алып қалды. Полиция сержанты небәрі 24 жаста еді, үйлену тойына да санаулы ай ғана қалған болатын.
Енді оның есімі қала картасына еніп отыр. Алайда Шалқар Ақымғалиевтің ерлігі көше атауымен ғана емес, адам өмірін сақтап қалған батыл ісімен және ел жадында мәңгі сақталмақ.