Атырау өңірінде жаңа ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асуы мүмкін. «TEXOL» компаниялар тобы қазіргі уақытта қала дамуының жаңа концепциясын әзірлеп, жақын күндері оны жұртшылық назарына ұсынбақ. Концепцияның басты нысаны — халықаралық Formula-1 талаптарына лайық жобаланған Texol MotorLand Atyrau автоспорт кешені.
Италиялық сәулетшілер дайындаған жобаға сәйкес, кешен Атыраудан 8–10 шақырым қашықтықта, әуежайдан әрі орналасатын болады. 260 гектардан асатын аумақта бірден бірнеше спорттық инфрақұрылым нысаны салынады. Олардың қатарында:
• кәсіби және әуесқойларға арналған картинг трассалары
• ралли-кроссқа арналған арнайы трек
• авто және мото спортқа арналған сақиналы жарыс жолы
• жасанды бордюрлері бар дрифт алаңы
• драг жарыстарына арналған түзу жол
• төрт қабатты техорталық, бокс-аймақтар, командалық кеңселер және әкімшілік блок
• командаларға арналған паддок және 40 гектар аумақты қамтитын үлкен паркинг аймағы
Жобалаушылардың айтуынша, кешен 215 мың көрерменді қабылдай алатын болады.
Автоспорт бағытынан бөлек, аумақта жасөспірімдерге арналған «Технопарк Тексол» тәжірибелік-танымдық музейі жұмыс істейді. Бұл орталық Siemens, Daimler, Hyundai, Chevron және Shell секілді халықаралық компаниялармен әріптестік орнатуды көздейді. Мұндай ынтымақтастық өңір жастарының техникалық және ғылыми бағыттағы білімін дамытуға серпін береді деп күтілуде.
Texol MotorLand Atyrau Атыраудың туристік әлеуетін арттырып, қаланы еліміздегі автоспорт пен инновацияның жаңа орталығына айналдыруы ықтимал.
Ақкүн Серікқызы