Атырауда ақын, ҚР мемлекеттік гимнінің авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналған «Ұрпағым, саған айтам» атты республикалық көркемсөз оқу байқауы өтті.
Елдің түкпір-түкпірінен келген 11 жас өнерпаз ақынның жырларын мәнерлеп оқудан сынға түсті. Екі кезеңнен тұрған додада қатысушылар поэзиялық және прозалық шығармаларды орындап, Жұмекен мұрасын өз өрнегімен жеткізді.
Нәтижесінде бас жүлдені Маңғыстау облысының өкілі Көркем Дүйсенбаева иеленді. Бірінші орын – Елдос Құлшарап (Атырау облысы), екінші орын – Ләззат Мүсілім (Шымкент) және Айжан Бөлекбаева (Атырау), ал үшінші орын Владислав Горизанов (Қарағанды), Ақберен Жолдасбек (Түркістан) және Айнұр Нұрбекке (Жамбыл) бұйырды.
Қазылар алқасын жазушы Мереке Құлкенов басқарды. Оның құрамында ақынның қызы Қарлығаш Нәжімеденова, ақындар Амангелді Мырзабек, Алмас Сақбаев және Әлия Дәулетбаева болды.
📖 Байқау Жұмекен Нәжімеденовтің поэзиясын насихаттап, жас буынның сөз өнеріне деген сүйіспеншілігін арттыруды мақсат етті.
Ақкүн Серікқызы