Атырауда күнделікті көзге түсетін, бірақ тарихы айтылмай келген ғимараттар аз емес. Солардың бірі — бүгін “Орал” мейрамханасы орналасқан шағын үй. Қарапайым көрінгенімен, оның тарихы жүз жылдан асады.
Бұл ғимарат XIX ғасырдың соңында тұрғызылған. Бастапқыда атыраулық көпес Тудаковтың ірі кірпіш дүкені болған. Ол кезеңде бұл дүкен қаладағы ең сенімді әрі үздіксіз жұмыс істеген сауда орындарының бірі саналған. Қазір де оның сол дәуірден қалған белгілері айқын көрінеді: биік цоколь, “Г” тәрізді жоспар, кірпіш өрімінің өзіне тән декоратив сызықтары — барлығы тарихи кезеңнің үнсіз куәсі.
Архив құжаттары дүкен астында желдетілген кең жертөле болғанын көрсетеді. Бүгінде терезелері бекітілген бұл орын кезінде ұзақ сақталатын қант, шай, ұн, тұздалған балық сияқты тауарлар қоры сақталған қойма қызметін атқарған.
Ғимараттың суға жақын орналасуы сол уақытта сауда тасымалын жеңілдетіп, оның қалалық экономикадағы маңызын арттыра түскен.
Кеңестік кезеңде нысан бірнеше шаруашылық құрылымдарының кеңсесіне айналды. Ал 1990 жылдардан бастап қайта коммерциялық мақсатта қолданылып, бүгінде көпшілікке жақсы таныс “Орал” мейрамханасы осы ғимаратта қызмет етіп тұр.
2017 жылғы реставрация барысында көлемі кеңейгенімен, бастапқы кірпіш құрылыс, терезе пішіндері, жалпы жоспар толығымен сақталғаны — ерекше назар аударатын деталь.
Бүгінде “Орал” — тек мейрамхана емес, Атыраудың сауда тарихын сақтап тұрған, көзге көп көрінбейтін, бірақ көп айтары бар мәдени нысан.
Ақкүн Серікқызы